«…Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындай мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса ұқпасын, жабықпаймын,
Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін…» деп, бүгінгі біздер үшін бар күш-қуатын сарп етіп, өмірін құрбан еткен ұлт ұстазы А.Байтұосынұлының туғанына бүгін 152 жыл. Міне осы атаулы күнге және Қазақстан Республикасы халықтарының тілдер күніне арналған «Ұлт ұстазы Ахмет – адамдықтың үлгісі» аты тақырып аясында мектеп көлемінде іс-шаралар өткізілді.
Таңғы 7.30-да оқушылардың мектепке келер сәтінен бастап А.Байтұрсынұлын ұлықтау басталып кетті. Мектептің кіреберіс дәлізінде тарихшыларымыздың ұйымдастыруымен оқушыларға А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген оқушыларға әр түрлі сыйлықтар үлестіріліп жатты.
Мұғалімдеріміз сабақты мектебіміздің Әнұранымен бастап сабақтың 3-5 минутын ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлына арнады.
Мектебіміздің мәжіліс залында «Ұлт ұстазы Ахмет – адамдықтың үлгісі» атты тақырыпта салтанатты жиын өткізіліп, онда ұлт ұстазының өлеңдері оқылып, әні айтылып, күйі тартылып жатты.
Осы шараға арнайы шақырылған қонақтарымыздың бірі, №48 мектеп-лицейімізге А.Байтұрсынұлының атын алуға және А.Байтұрсынұлының музейін ашуға елеулі үлес қосқан «Құрмет белгісі» орденінің иегері, халықаралық дәрежедегі әдіскер, бүкіл ғұмырының елу жылын білім беру ісіне арнаған ардагер ұстаз, зейнеткер Момынқұлова Алтынкүл Момысқызы қатысып өзінің бата-тілегін айта отырып қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен әр түрлі байқаулар мен олимпиадаларға қатысып қала, Республика көлемінде жүлдегер болған 14 оқушыға өз атынан заттай сыйлықтар мен ақшалай сыйақы үлестірді.
Ардагер ұстазымыздың бұл амалы шәкірттеріміздің жүрегіне от жағып, білім-ғылымға деген құштарлықтарын арттырып шабыттандыра түскені айқын сезіліп тұрды. Ардагер ұстазымыздың осы игі ісі үшін мектебіміздің атынан алғысымызды білдіре отырып, елдің балаларын білімге ынталандыру үшін қаржы аямайтын дархан көңілді мырзалар көбейе берсе екен деп тілегімізід білдіреміз.
Бұдан да басқа шаралар мектеп көлемінде жоспарланған уақытында өткізілді.