Бүгін: 22.11.2024
Реформалардың локомотиві сіздерсіздер, біздің ару жастар! Қазақстанның болашағы жастардың қолында, өз мүмкіндігіңді, арманыңды жіберіп алма. Жақсы оқып, еңбектенген адамның ғана арманы орындалады. Қасым-Жомарт Тоқаев

 2023 жылдың 17 қарашасында Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК мен А. Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицеймен бірлесе отырып, «Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық мұрасы» тақырыбында қалалық дөңгелек үстел өтті.

Аталмыш шараның мақсаты Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК басшысының  2023 жылғы 9 қараша күнгі №129 бұйрығына сәйкес Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейде «Әдіскер ұстаз» ғылыми-әдістемелік зертханасын ашуға негізделген. Сонымен қатар Ұлт ұстазының әдістемелік идеялары негізінде педагогтердің инновациялық қызметінің тәжірибесін жинақтауға, оқу-тәрбие үрдісінде қолдануға бағытталған.

Іс-шараға «Әдістемелік орталығы» МКҚК әдіскері Ж. Маман,  философия докторы, доцент, ЕАГИ қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Әлімбаев Аслан Есімханұлы, «Әдіскер ұстаз» ғылыми-әдістемелік зертханасының  шығармашылық топ мүшелері және қала мектептерінің 40- қа жуық  қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысты.

Дөңгелек үстелге келген қатысушыларды тарих пәні мұғалімі Сапарғали Алихан Дарханұлы  Мұражай экспозициясында Ахмет Байтұрсынұлы өмірімен байланысты алты бағытты қамтитын материалдар мен экспонаттармен таныстырды. «Белсенді алаң» жұмысында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Г. Қапшаева, А. Абуева, Ж. Аренова,   Л. Ильясова, К. Сейітбек келген қонақтарға тақырыпқа сай танымдық, шығармашылық ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған қызықты тапсырмалар орындатты.

Тәжірибелік бөлімді Әдістемелік орталықтың әдіскері Ж. Маман ашып, мектебімізде «Әдіскер ұстаз» ғылыми-зерттеу орталығының ашылуымен құттықтады. Ж ұмыстың басты бағыты – ағартушы ғалымның педагогикалық көзқарастары мен идеяларын қазіргі білім беру жүйесіндегі әдістемемен ұштастыра енгізу мәселесіне тоқталды. Дөңгелек үстелдің арнайы қонағы Ахмет еңбектерін зерттеуші, философия докторы, доцент, ЕАГИ қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Әлімбаев Аслан Есімханұлы Ахмет Байтұрсынұлының тілді оқыту әдістемесін ұсынды. №91 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сугирбекова Айман Избасаровна «Ахмет Байтұрсынұлы 3 d электронды оқу құралы» тақырыбында өзінің заманауи үлгіде дайындалған әдістемелік құралын таныстырды. Сонымен қатар Ұлт ұстазының әдістемелік мұраларын жаңартылған оқу мазмұнында қолданып жүрген жаңашыл мұғалімдер өз іс-тәжірибелерін ортаға салды.

Қорытынды бөлімде пікір алмасып, кері байланыс берілді. Қала мектептері мұғалімдерінен құралған шығармашылық жұмыс тобы жасақталып, алдағы іс-шаралар жоспары жоспарланды.

Аталған шараның соңы әдеби-сазды бағдарламаға ұласып, «Ахмет мектебі» әнұранымен тәмамдалды.